Главная » 2017 » Февраль » 21 » «Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының
22:31
«Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының
«Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының тұжырымдамасы

1. Заң жобасының атауы

«Қазақстан Республикасында медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

2. Заң жобасын әзiрлеудiң қажеттiлiгiне негiздеме

Қазақстан Республикасы Мемлекет Басшысының «Қазақстанды әлеуметтiк жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында Қазақстан Республикасында азаматтың денсаулығына медицина қызметкерiнiң кiнәлi iс-қимылына байланысты емес зиян келтiргенi үшiн медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды енгiзу мәселесiн пысықтауға тапсырма берiлдi.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Кодексiнiң 182-бабының 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес медицина және фармацевтика қызметкерлерi медицина қызметкерiнiң тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы көзқарас болмаған кезде, азаматтың денсаулығына келтiрген зиян үшiн кәсiптiк жауапкершiлiктi сақтандыруға құқығы бар.

Медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасына жасалған шағымдар санының өсуi салдарынан айрықша өзектiлiкке ие болып отыр, егер 2011 жылы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлiгiне пациенттерден 2,5 мыңнан астам шағым түссе, олардың 29%-ы негiздi болып табылған, ал 2012 жылдың тек алғашқы жарты жылдығында пациенттерден 5,2 мың шағым түскен, олардың 50%-ы негiздi болып танылған. Сот орындарындағы жағдайлар да ұқсас болып отыр.

Бұл үдерiстер көбiне пациенттердiң пайдасына шешiлуде, яғни медициналық ұйымдардың не қызметкердiң айтарлықтай материалдық өтемақы төлеуiмен аяқталуда. Бұл бiздiң азаматтарымыздың өз құқықтарын қорғауға деген ниет-бiлдiруiне байланысты құқықтық мәдениетiнiң дамығандығын көрсетедi.

Бас прокуратураның деректерi бойынша азаматтық iстер бойынша ұсынылатын медициналық қызметтiң сапасына жасалған сот арыздарының саны келесi көрсеткiштердi құраған:

  • 2011 жылы 374 143 195 теңге сомасына 33 арыз түсiп, олардың iшiнде 73 213 230 теңге материалдық зиянды өтеуге және 300 929 965 теңге моральдық зиянды өтеуге көрсетiлген, сот органдары 12 052 244 теңге сомасындағы 17 арыз, олардың iшiнде 4 072 244 теңге материалдық зиян үшiн және 7 980 000 теңге моральдық зиян үшiн қанағаттандырылған;
  • 2012 жылы 825 070 594 теңге сомасына 78 арыз түсiп, олардың iшiнде 343 569 168 теңге материалдық зиянды өтеуге және 481 501 426 теңге моральдық зиянды өтеуге көрсетiлген, сот органдарымен 32 715 460 теңге сомасындағы 44 арыз, олардың iшiнде 6 025 460 теңге материалдық зиян үшiн және 26 690 000 теңге моральдық зиян үшiн қанағаттандырылған;
  • 2013 жылдың 1-жарты жылдығында 771 238 019 теңге сомасына 42 арыз түсiп, олардың iшiнде 22 033 258 теңге материалдық зиянды өтеуге және 749 204 761 теңге моральдық зиянды өтеуге көрсетiлген, сот органдарымен 14 085 975 теңге сомасындағы 17 арыз, олардың iшiнде 5 155 975 теңге материалдық зиян үшiн және 8 930 000 теңге моральдық зиян үшiн қанағаттандырылған.

Сонымен қатар, ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi ұсынған ақпаратқа сәйкес. ҚР Қылмыстық Кодексiнiң баптары бойынша, медициналық қылмыспен байланысты (ҚР ҚК 317-323 баптары) 2013 жылы 433 қылмыстық құқық бұзушылық, 2014 жылы 420 қылмыстық құқық бұзушылық және 2015 жылы 595 қылмыстық құқық бұзушылық тiркелдi.

Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiнiң 81 бабына сәйкес 2013 жылы 300 әкiмшiлiк құқық бұзушылық жағдайлары, 2014 жылы 286 әкiмшiлiк құқық бұзушылық жағдайлары және 2015 жылы 293 әкiмшiлiк құқық бұзушылық жағдайлары тiркелдi.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Кодексiнiң 88-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес азаматтардың медицина қызметкерлерiнiң дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамауынан және қолданбауынан денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеуге құқығы бар.

Мемлекет кепiлдiк берген құқықтарды iске асыру үшiн оларды мiндеттi кепiлдiк берудiң жаңа түрiн енгiзу арқылы әрi қарай дамыту қажет.

Нәтижесiнде, медицина қызметкерiнiң тарапынан кiнәлi iс-қимылдық болмауы кезiнде пациенттiң денсаулығына зиян келтiру қаупi медицина қызметкерiнiң жауапкершiлiгiне кепiлдiк беретiн ұйымның есебiнен жабылатын болады. Бұл азаматтардың да, медицина қызметкерлерiнiң де мүдделерiне сай келетiн болады.

Бұл шаралар Қазақстанның денсаулық сақтау доктринасының негiзiн қалаушы қағидаларды, атап айтқанда, пациенттiң денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк қағидасын шынайы мазмұнмен толтыра отырып, оларды iске асыруға мүмкiндiк беретiн жаңа заңның нормаларымен iске асырылатын болады.

Кепiлдiк берiлген қамтамасыз етудi тек медицина қызметкерiнiң кәсiптiк қателiгi жағдайына ғана енгiзу пациентке медициналық ұйымның өзге қызметкерлерiнiң iс-қимылымен келтiрiлген зиян, сондай-ақ өзге де (кәсiптiк қателiктен басқа) себептердiң салдарынан болған зиян өтелмейтiндей жағдайды қалыптастырады. Кәсiптiк қателiк деп пациенттiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiруге бағытталған тiкелей немесе жанама (немқұрайлылық, ұқыпсыздық) ниет болмаған жағдайда, медицина қызметкерiнiң адал ниеттi адасуы түсiндiрiледi.

Осыған байланысты, медициналық қызметтi жүзеге асыруда пациенттiң өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жауапкершiлiгiне мiндеттi кепiлдiк беру туралы мәселе орынды көтерiлген болып табылады. Мұндай тәсiл пациенттер мен медицина қызметкерлерiнiң, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектiлерiнiң (жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғаларды қоса алғанда) мүлiктiк мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

Денсаулық сақтау субъектiлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiне мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiн енгiзу Қазақстан Республикасындағы медициналық көмектiң сапасын арттырады және тұтастай алғанда, оның халықаралық рейтингiсiнiң көтерiлуiне ықпал етедi.

3. Заң жобасын қабылдаудың мақсаттары

Заң жобасы мынадай мақсаттарда әзiрленуде:

  • олардың iс-қимылында кiнәлары болмаған кезде, өмiрге немесе денсаулыққа зиян келтiргенi үшiн медицина қызметкерiнiң материалдық жауапкершiлiгi туындаған жағдайда медицина қызметкерлерiнiң мүлiктiк мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
  • денсаулық сақтау субъектiлерiнiң мүлiктiк мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
  • азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн өтем алу құқықтарын қорғау;
  • медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту;
  • кәсiптiк жауапкершiлiктi кепiлдiк берудiң жаңа жүйесiнiң пайда болуына және әрi қарай дамуына жағдай жасау;

4. Заң жобасының реттеу мәнi

Реттелудiң мәнi мiндеттi медициналық сақтандыруды жүзеге асыруға байланысты туындайтын қатынас, оның iшiнде мiндеттi медициналық сақтандыру субъектiлерiнiң және мiндеттi медициналық сақтандыруға қатысушылардың құқықтық ережесiн анықтау, олардың құқықтары мен мiндеттерiнiң туындауын негiздеу болып табылады.

5. Заң жобасының құрылымы

Заң жобасы 23 баптан, 4 тараудан тұрады:

1-тарау — Жалпы ережелер;

2-тарау — Медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру қорының құқықтық статусы;

3-тарау — Медицина қызметкерлерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру нысаны мен тәртiбi;

4-тарау — Қорытынды ережелер.

6. Заң жобасы қабылданған жағдайда күтiлетiн құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарлар

Осы заң жобасын қабылдау азаматтардың толыққанды медициналық қызмет алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшiн, оның iшiнде пациенттердiң мүлiктiк мүдделерiн қорғауға қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру институтын iске асыруды қамтамасыз ететiн құралдар мен тетiктердi қалыптастыру үшiн құқықтық негiздi құрайды.

Ұсынылып отырған заң жобасын қабылдау қандай да бiр құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық терiс салдарлардың туындауына әкелмейдi.

7. Басқа заң актiлерiн әзiрленетiн заңжобасымен бiруақытта (кейiнгi) сәйкестендiрудiң қажеттiлiгi

Заңжобасын қабылдау:

  1. «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне;
  2. «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы (Салық кодексi)» Қазақстан Республикасының Кодексiне;
  3. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне өзгерiстер енгiзудi талап етедi.

8. Заң жобасы мәнiнiң өзге де кормативтiк құқықтық актiлермен регламенттелуi

Заң жобасының мәнi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының кодексiмен регламенттелген.

9. Қарастырылып отырған мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң болуы

Медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк берудiң шетелдiк тәжiрибесiн зерделеу көптеген дамыған батыс елдерiнде медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн кепiлдiк берудiң ХХ ғасырдың басында-ақ тәжiрибеде болғандығын көрсеттi.

Денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн кепiлдiк берудiң халықаралық тәжiрибесiн зерделей отырып, қаржыландыру көзi секiлдi критерийдi назарға ала отырып, әртүрлi екi моделдi нақты көрсетуге болады: нарықтық модель және әлеуметтiк модель. Сондай-ақ iске асыру жолдары да сақтандыру жолы бойынша және кепiлдiк беру жолы бойынша.

Медициналық қызметтердiң басым көпшiлiгi мемлекет есебiнен қаржыландырылатын елдерде, әдетте, медицина қызметкерлерi кәсiптiк жауапкершiлiктi сақтандырудың жеке меншiктiк нарығына аз дәрежеде жүгiнедi. Тиiсiнше, ондай мемлекеттерде медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн сақтандырудың әлеуметтiк моделi жұмыс жасайды. Әлеуметтiк модель мемлекет тарапынан, атап айтқанда, бiр ғана орталықтандырылған агенттiң — қордың көмегiмен жүзеге асырылатын сақтандыру жүйесiн қаржыландыру мен басқаруда үлкен жауапкершiлiктiң болуын көздейдi. Әлеуметтiк сақтандыру моделiнiң жарқын мысалдарының бiрi 1975 жылы енгiзiлген Швецияның моделi болып табылады. Швецияда пациенттердi сақтандыру жөнiндегi қауымдастық медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн сақтандыру бойынша қызметтер ұсынады. Тағы бiр басқа мысал — Канадада жұмыс жасайтын модель. Медицина қызметкерлерiн қорғау жөнiндегi Канадалық медициналық қауымдастық (бұдан әрi — ҚКМҚ) — бұл өз мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн кепiлдiк беру жөнiндегi коммерциялық емес медициналық қауымдастық. ҚКМҚ-тың 1901 жылы негiзi қаланды. Қауымдастық өзiнiң мүшесi болып табылатын Канададағы тәжiрибелiк дәрiгерлердiң 95%-ына оқыту, консультация заңдық қорғау және өтемақы төлеу бойынша қызмет көрсетедi.

Медициналық қызмет көрсетудiң жеке меншiктiк тәжiрибесi мемлекеттiкiнен асып түсетiн елдерде жеке нарықтар медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн сақтандыруды жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады. Сақтандырудың нарықтық моделi мемлекеттiк органдарға қарағанда нарықтық тетiктерге үлкен жауапкершiлiк жүктейдi. Герман Федеративтiк Республикасының сақтандыру моделi нарықтың модельдiң үлгiсi бола алады. Германияның нарығында медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн сақтандыру бойынша қызмет көрсететiн 10 шақты жеке меншiк сақтандыру компаниялары қызмет жасайды. Жергiлiктi заңнама медициналық қызметтiң өнiм берушiлерiне тиiсiнше сақтандыру полисiн алуды мiндеттейдi.

Денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн сақтандырудың моделдерiнiң жiгiн ажыратудың басқа критерийi медицина қызметкерiн кiнәлау және оған қатысты қандай да бiр тексерудi қолдану тәжiрибесi болып табылады. Осы критерийге сәйкес: «кiнәлiлiк» жүйесi мен «кiнәсiздiк» жүйесiн ажыратады. ЭЫДҰ елдерiнiң көпшiлiгiнде медициналық ұқыпсыздық әзiрленген және заң мен сот тәжiрибесiнде кеңiнен қолданылатын «кiнәлiлiк» интерпретациясы негiзiнде бағаланады. «Кiнәлiлiк» жүйесi пациенттiң шағымы негiздi болған кезiнде кiнәлi медицина қызметкерiнiң өз әрекетiнiң белгiлi бiр жағымсыз салдарларын: айыппұлдық санкцияларды, сөгiстi, оқу — бiлiктiлiктi арттыруды, лицензиясынан айыруды және т.б. бастан өткеруiн қарастырады. «Кiнәлiлiк» жүйесi өз спецификасына орай, медицина қызметкерiне қатысты санкциия қолдану үшiн сот шешiмiнiң болуын талап етедi. Аталмыш модель АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Канадада және тағы да басқа бiрқатар елдерде сәттi жүзеге асырылып келедi.

«Кiнәлiлiк» жүйесiнiң баламасы ретiнде — «Кiнәсiздiк» жүйесi қолданылады. Бұл жүйе ЭЫДҰ-ның бiрқатар елдерiнде жұмыс жасайды және кiнәсiз өтемақы жүйесiне негiзделген. Бұл елдерде медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн сотпен бағалау зардап шеккен пациентке өтемақы берудiң алдын — ала шарты болып табылмайды. Өтемақы төлеудi жүзеге асырудың басы, әдетте, жарақаттың өзiнiң болуы немесе бұл жарақатты болдырмауға болатын факт болып табылады. Зардап шеккен пациенттерге төленетiн өтемақы коммерциялық және коммерциялық емес сақтандыру ұйымдары арқылы жеке меншiк көздерден (Данияда, Финляндияда) немесе мемлекетпен (Швецияда, Жаңа Зеландияда) қаржыландырылады.

Осылайша, Швецияда пациенттерден шағымдар, негiзiнен, пациенттердi сақтандыру жөнiндегi қауымдастыққа келiп түседi, олар шағымдарды қараумен және олар заңды болған жағдайда өтемақы төлеумен айналысады және медицина қызметкерi үшiн жағымсыз салдарларды қарастырмайды.

Ұзақ уақыттар бойына медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк жауапкершiлiгiн сақтандыру жүйесiн енгiзудi және дамытуды жүзеге асырып отырған батыс елдерiнiң тәжiрибесi Қазақстан Республикасында сақтандыру жүйесiн енгiзу және дамыту үшiн өте құнды тәжiрибе болып табылады.

Сонымен бiрге, әрбiр ел өзiнiң денсаулық сақтау жүйесi мен экономикасының ерекшелiктерiн ескере отырып, медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгiн кепiлдiк берудiң моделiн өзi анықтайды, ол әрбiр мемлекеттiң айрықша дамуының салдары болып табылады.

10. Заң жобасын iске асыруға байланысты болатын шамаланған қаржылық шығындар

Заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджетiне қаржылық шығындар әкеледi. Бұл шығыстар актуарлық есептер негiзiнде анықталатын болады. Актуарлық есептер кепiлдердi адекватты түрде алуды қамтамасыз ету үшiн сақтандыру сыйақысын есептеу әдiстемесiнiң негiзiнде жүргiзiледi.

Базалық көрсеткiштiң негiзгi құрамдастары ретiнде:

  1. медициналық ұйымның бюджетi;
  2. емдiк-диагностикалық амалдардың күрделiлiк деңгейi;
  3. денсаулық сақтау субъектiсi пациенттерiнiң жылдық орташа саны айқындалуы мүмкiн;

Базалық көрсеткiшке жүктеменiң коэффициенттерi ретiнде:

  1. персонал /дәрiгерлер, орта медициналық персонал/ санаттары шегiндегi медицина қызметкерлерiнiң жылдық орташа саны;
  2. медицина қызметкерлерiнiң мамандықтары бойынша жұмыс өтiлi;
  3. қызметкерлердiң кәсiптiк бiлiктiлiк деңгейi (санаттары);
  4. денсаулық сақтау субъектiлерiнiң материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейi;
  5. ұсынылатын медициналық көмектiң түрлерi, дәрiгерлiк қателiктердiң статистикасы;
  6. сарапшы ұйым (сарапшылық комиссиялар) қызметiнiң құнына ақы төлеу;
  7. кепiлдiк беру оқиғасының туындау қаупiн айқындайтын өзге факторлар анықталуы мүмкiн.

Медициналық мамандықтарды емдеудiң жағымсыз нәтижесi қаупiнiң дәрежесi бойынша кластарға немесе санаттарға бөлу қажет болуы мүмкiн.

Категория: Новости | Просмотров: 462 | Добавил: Charodey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]